Государственное учреждение средняя школа № 62

Хабарландыру

Жастар Тәуелсіздік жолында

13 December 2019

2019 жылдың 12 желтоқсанында №62 жалпы білім беретін орта мектебінде “Жастар жылында шығармашыл ұстаз!” тақырыбында жас мамандардың қатысуымен танымдық кеш ұйымдастырылды.

Мақсаты: Тәуелсіздіктің 28 жылдық мерекесіне орай 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының маңызы жайлы, аталарымыз аңсаған тәуелсіздігіміздің мазмұнының тереңдігінен сыр шерту.

Мерекелік кеш еңбек жолын мектебімізден бастап жатқан жас мамандардың «Шашу» биімен басталды.

Құттықтау сөз алған мектеп директоры Б.Ж.Нуртазина бұл күннің біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін ерекше қастерлі мереке екенін, тәуелсіздік – ғасырлар бойы азаттық аңсаған халқымыздың өшкені жанып, асқақ арманы орындалған, тағдырдың талай сынағына төтеп беріп, бар ғұмырын бостандық жолындағы күреске арнаған боздақтарымыздың жанкешті еңбегі мен ерен ерлігін еске алатын қасиетті күн екендігін атап өтті. Шараға қатысушы жастарға еңбек жолында сәттілік тілеп, тәуелсіз Қазақстанның болашағы жастардың қолында екендігін, сол үшін аянбай еңбек етуге шақырды.

«Жас келсе, іске» дегендей, мектебіміздің жас мамандары тәуелсіздік жолында желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған Қайрат Рысқұлбеков, Сәбира Мұхамеджанова, Ләззат Асанова сынды желтоқсан құрбандарының рухына тазым етіп, оларға арнау өлеңдерін оқыды, желтоқсан оқиғасынан сыр шертетін көрініс қойып, қазақтың күмбірлеген күйімен мерекелік шараны шырайландырды. Кеш соңында мектеп директорының әдістемелік ісі жөнінен орынбасары Л.Ш.Урекешова сөз сөйлеп, жастарға сенім артатындығын, тәуелсіздіктің туын биікте ұстауға шақырды.